Ақсуда әйелін ұрған тұрғыннан қару табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды 

25 жастағы ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, 30 тәулікке қорғау нұсқамасы шығарылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 09-30-да Ақсу қаласының полициясына қоңырау түскен. 

"Аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы ер адамның мас күйінде әйелінің бетінен ұрғанын анықтады", - дейді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев. 

Әкімшілік жазадан бөлек, аталған азаматтың тіркелген ИЖ-27 Е маркалы тегіс ұңғылы қаруы  тәркіленді. 

Өйткені, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына сәйкес қаруы тіркеуде тұрған, бірақ отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында заңсыз әрекет жасаған азаматтардан қару тәркіленеді.