Елордадағы ерекше балалар бақшасында тәрбиешілердің бүлдіршіндерді ұрып-соққан видеосы тарады

Әсел Оршыбекова

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жағдай бойынша тергей жұмыстары басталғанын мәлімдеді

Әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласындағы ерекше балаларға арналған «Сати» балабақшасында тәрбиешілердің балаларды ұрып-соққан видеосы тарады. 

Гаухар есімді Instagram қолданушысы өзінің парақшасында балабақшадағы балалардың тәрбиешілерден қорлық көрген видеосын жариялады. Автордың айтуынша, фото мен видеолардың оның сонда жұмыс істеген жақын танысы түсірген. Басшылыққа балабақшадағы былық туралы сан мәрте айтылғанымен, ешқандай шара қолданылмаған екен. 

«Балаларды үнемі еденде сүйрелейді, бастарынан және денелерінен ұрады, боқауыз сөздер айтып, ұрысады. Басшылық мұның бәрінен хабардар, тек көз жұмып қарайды. Балалар өздерімен өздері қараусыз жүреді, ешкім қадағаламайды.  Тамақтану туралы айтарға тіптен сөз жоқ. Қатаң диетамен тамақтану керек балаларға үнемі шұжық пен майонез береді. Бұл барлық топтарда болып жатқан жағдай! Балалар еденде ұйықтайды!», - деп жазған автор.

Instagram әлеуметтік желісі автордың парақшасындағы видеоларда балаларды қорлау фактісі болғандықтан бейнежазбаны өшіріп тастаған.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жағдай бойынша тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша «Байқоңыр» ауданының полиция басқармасы ҚР ҚК 140-бабы «кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде» , -делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.