Қайрат Сатыбалдыұлының бақылауындағы компания басшылары ұсталды
Қайрат Сатыбалдыұлы мен әйеліне қатысты тергеу жалғасып жатыр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, Гүлнар Сатыбалды және басқа да тұлғаларға қатысты тергеуді жалғастыруда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тергеу барысында Қ.Сатыбалдыұлының бақылауындағы кәсіпорындардың – кірме теміржол желілері (соңғы шақырым) иелерінің ұрлығының қосымша фактілері анықталды.
«Аталған тұлғалар Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының көмегімен елдің қала құраушы кәсіпорындарына кірме жолдардың қызметтеріне тарифті негізсіз көтеру арқылы көп миллиардтық пайда тапқан. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерінің бағаларының артуына бағытталған», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, Қ. Сатыбалдыұлы бақылауындағы екі компанияның басшылары ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Айыптаулар бойынша қорытынды шешімді сот анықтайды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды.