«Мүгедектікке шығарып беремін: Қазығұртта алаяқтық жасаған әйел қолға түсті
Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Қазығұртта жұртты мүгедектікке шығарып беремін деп алаяқтық жасаған әйел қолға түсті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында кезекті алаяқтық жайты орын алды. Жәбірленуші жас қыздың айтуынша, ол бейтаныс әйелдің арбауына түскен. Яғни, мүгедектікке шығарып беретіндігін айтқан алаяқ тұрғынның 240 мың теңге көлеміндегі ақшасын алып, осы уақытқа дейін алдап келген.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды. Орын алған жайтқа сәйкес, қылмысты ашып, күдіктіні ұстау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары куалардан жауап алып, бейнекамераларды қарастырып, қажетті іс-шараларды жасады.
Нәтижесінде, қазығұрттық полицейлер күдіктіні ұстады. Анықталғандай, күдікті еш жерде жұмыс жасамайтын азаматша болып шықты. Және бұған дейінде алаяқтық жасап, сотты болған жергілікті тұрғын екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.