Күдікті қазан айынан бастап маскүнем ретінде есепте тұрған
Полиция департаменті сержант Дархан Базарбаевтың өліміне қатысты мән-жайды айтты. Брифингке қаскөйдің туыстары қатысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Алексей Золоторенконың үйінде болған. Оның айтуынша, күдікті қонаққа келіп, 15 минут отырған.
«Біз оған ұйықтағаны дұрыс болатынын айттық. Ол ренжіп, қоқан-лоқы көрсете бастады. Біз далаға шықтық, ол мені ұрды, мен жауап қайтардым. Осы үшін ол мені және отбасымды өлтіретінін айтып, пышаққа жүгірді», - дейді Алексей Золоторенко.
Осы кезде Золотаренконың пәтерінде оның жұбайы, анасы және төрт айлық баласы болған. Олар бірден полицейлерді шақырып, тамбурға шығып, бұзақы тұратын пәтердің есігін кілттеген. Шақыртуға келген полицейлер қосымша күштердің келуін сұрады. Жарты метрлік қараңғы тамбурда қайғылы оқиға болды.
«Адамдарға қауіп-қатер төніп тұрғанын ескерген полицейлер жәбірленушілердің қауіпсіз жерге баруына көз жеткізген соң есікті ашқан. Бірінші болып резеңке таяқпен қаруланған полиция сержанты Базарбаев тұрған, одан кейін кіші сержант Сыздықовтың қолында аэрозольдық баллон болған. Есік ашылған бетте бұзақы жүгіріп, Базарбаевтың кеуде тұсына бірден соққы жасаған, бірақ жараланғанына қарамастан, ол бұзақының қолынан резеңке таяқшамен ұрып, пышақты қағып жіберген. Осы уақытта Сыздықов оның бетіне аэрозольдық баллонды шашып, жерге құлатып, оны залалсыздандырды. Одан кейін сержант Базарбаев өзін нашар сезінген. Жарақат алғанын айтып, жедел жәрдем шақыруын сұраған», - деді Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Құрмет Мәжікенов.
ПД өкілдері полицейлер сауатты және кәсіби әрекет еткенін айтады.
«Экипаж толығымен жабдықталған, бронежилеттер көлікте болған. Өздерімен бірге табельдік қару болған, бірақ олар жағдайды бағалап, ұстау үшін арнайы құралдар мен самбо тәсілдерін қолданатын болып шешкен. Бронежилеттерді қызмет атқару сипатына байланысты киеді, яғни «Ұстау» жоспары жарияланған уақытта ғана, яғни күдікті қарулы болған жағдайда. Ал 102 пультіне түскен хабарламада отбасылық жанжал туралы айтылған», - деп түсіндірді Құрмет Мәжікенов.
Күдікті бұрындары жарын ұрып-соққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді, ал қазан айынан бастап маскүнем ретінде есепте тұрған.
Еске салайық, 19 қаңтарда сержант Дархан Базарбаев қызметтік борышын өтеу кезінде мас бұзақының қолынан қаза тапқан болатын. Президент жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Дархан Серікұлы Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.