Газ бағасын негізсіз көтерген мекемелердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Azattyq Rýhy

Салынған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 92 млн теңгені құрады

Сұйытылған мұнай газының 6 ірі көтерме жеткізушісіне қатысты тергеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Ақорданың «Борт №1» Telegram-арнасы жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуал мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу және өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге тергеу жүргізуді тапсырды.

Сұйытылған мұнай газын сатушылар үстем жағдайды теріс пайдаланып, оны сату кезінде ең жоғары бағаны белгілеуге ғана бағдарланғаны анықталды.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-не қатысты әкімшілік айыппұл салу туралы сот шешімі шығарылды.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «СП Қазгермұнай» ЖШС қатысты әкімшілік істер қозғалды және сотқа берілді.

«Petrosun» ЖШС және «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС қатысты қылмыстық істер қозғалды, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қатысты іс материалдары қаржы мониторингі агенттігіне берілді.

«Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің әрекеттерінде сұйытылған мұнай газын өткізу көлемін негізсіз қысқарту фактілері анықталды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу субъектілеріне қатысты 193 тексеру жүргізуде, оның ішінде 89-ы Бас прокуратурамен бірлесіп тергелуде.

Нарықтың 65 субъектісінің іс-әрекетінде келісілген іс-қимылдар мен картельдік сөз байласуды ұйымдастыру фактілері анықталды.

45 субъектіге қатысты әкімшілік істер қозғалды, материалдар сотқа жолданды. Салынған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 92 млн теңгені құрады.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.