Павлодарда дәмхана жанындағы ғимаратта өрт тұтанды

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиғадан зардап шеккендер жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда дәмхана жанындағы ғимаратта өрт тұтанды. Электр сымдарынан түтін шыққан, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Әлеуметтік желіде Павлодар қаласындағы «Santos» дәмханасының маңында өрт сөндіруші көліктер тұрғаны, апат болғаны туралы жазба тарады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, 22 наурыз күні сағат 20:19-да Кривенко, 75 мекенжайы бойынша дәмхананың төбесінен түтін шығып жатқаны туралы хабар келіп түскен.

"Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде дәмханадан бөлек, бос тұрған екі қабатты ғимаратта электр сымдарының қысқа тұйықталуы орын алғанын анықтады. Ешқандай зат жанбаған. Зардап шеккендер жоқ", - деді департаментте.

Оқиға орнына жеке құрамның 35 адамы мен 8 техника жұмылдырылды.