Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпегені үшін жұмыс берушілерге 25,6 млн теңгеге 203 әкімшілік айыппұл салынған
2019 жылдың қорытындысы бойынша республика кәсіпорындарында 1 257 жазатайым оқиға болып, салдарынан 1 430 адам зардап шекті, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 8,8% төмен (2018 жылы – 1 568 адам). Жазатайым оқиғадан 180 адам қаза тапқан, бұл 2018 жылға қарағанда 17,6% төмен (2018 жылы-220 адам). Бұл туралы мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 244 (17,1%) және құрылыс саласында – 176 (12,3%). Өңірлер бойынша жарақат алғандардың дені Шығыс Қазақстан (зардап шеккендер 212 адам), Қарағанды (189 адам), Павлодар (117 адам), Қостанай (114 адам) облыстарында және Алматы қаласында (111 адам).
Еңбекті қорғау саласында ең жиі кездесетін бұзушылықтар: қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеу – 14,9% (353); қызметкерлерге оқыту мен нұсқама жүргізбеу – 14,3% (340); жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етпеу – 10,1% (238).
Жазатайым оқиғалардың көпшілігі мыналарға байланысты болды: қозғалатын, айналатын заттардың әсері (199 немесе 13,9%); зардап шегушінің биіктіктен құлауы (171 немесе 11,9%); заттардың, материалдардың құлауы (152 немесе 10,6%).
2019 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 9 536 тексеру жүргізіп, 2 366 бұзушылық анықталған. Жұмыс берушілерге 480 ескерту жасалып, 25,6 млн теңгеге 203 әкімшілік айыппұл салынды. Заңды және жеке тұлғалардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 879 өтініші қаралды, өндірістегі жазатайым оқиғаларға 1 276 арнайы тексеру жүргізілді.
Мемлекеттік еңбек инспекторларының өтініші бойынша жұмыс берушілер қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін кінәлі 610 лауазымды адамды жұмыстан босатты. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнуіне байланысты 13 жабдық, 2 өндірістік нысанның және 7 ұйымның қызметіне тыйым салынды. 1 242 іс құқық қорғау органдарына берілді, олар бойынша 207 қылмыстық іс қозғалды.