СҚО-ның Мамлют ауданында құрылысы былтыр аяқталған жылу қазандығы жарылды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Әкім мен кәсіпкер арасындағы даудың кесірінен қарапайым халық зардап шегіп отыр

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка қаласында құрылысы былтыр аяқталған жылу қазандығы жарылып қалды. Аудан әкімдігі бірнеше рет байқау жарияласа да нысанды сенімді басқаруға алып, халыққа коммуналдық қызмет көрсететін компания табылмаған. Бірнеше ай бойы әкімдіктің ТҮКШ бөлімінің қызметкерлері негізгі міндетін ысырып қойып, қазандықты өздері жағуға мәжүр болған еді. Арнайы білімі жоқ адамдар пешті дұрыс жаға алмай бір қазандықта су қатып, кейін ол жарылған. Ал екіншісі апаттық жағдайда жұмыс істеп тұр. Оған қосылуы тиіс болған нысандар жеке-жеке пеш жағып күнелтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚАУІПТІ НЫСАНДА ҚАУІПСІЗДІК НЕГЕ САҚТАЛМАЙДЫ?

Мамлютка қаласының тұрғындары жаңадан салынған жылу қазандығының игілігін көре алмай отыр. 8 жылға созылған құрылыс былтыр аяқталған болатын. Нысан жоспар бойынша 2021 жылдың 1-ші қазанында іске қосылып, бірнеше ғимаратқа жылу таратуы тиіс еді. Ол жүзеге аспады. Мамлют аудандық әкімдігі қазандықты сенімді басқаруға тапсыру үшін бірнеше рет байқау жариялаған. Алайда, оған ешқандай кәсіпкер қатыспаған. Өйткені онда арнайы лицензиясы бар компания ғана жұмыс істей алады. 

Жылу қазандығы коммуналдық қызмет көсрететін кәсіпорындардың біріне бір көзден сатып алу бойынша көктемге дейін күтіп ұстауға уақытша беріліпті. Бірақ, коммуналдық тарифтер бекітілмеген. Яғни, тұтунышуылар жылуға төлем жасамайды. Сондықтан жергілікті бюджеттен тағы 5 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Ал қазір мұнда уақытша жұмысшылар тартылған. Қауіпті нысанда адам өмірінің қауіпсіздігіне мән беріліп жатқан жоқ.

«Мен өзіме қолайлы жұмыс таба алмағандықтан биржаға тіркелдім. Көп күттірмей мамандар хабарласып, осында шақыртты. Жер үйде пеш жаққаныммен, мұндай қазандықтармен жұмыс істеп көрген жоқпын. Бәрін ауызша түсіндірді. Бастысы күндіз-түні сөндіреу, көмір салу қажет. Күлін уақытылы тазалау да маңызды екенін білемін. Өз мамандығым механизатор. Бізде жұмыс болса да, ол- маусымдық. Сондықтан тиын-тебен табудың амалымен жүрміз», - дейді пеш жағушы Руслан Құсайынов. 

МЕРДІГЕР ӘКІМДІКТЕН АҚШАСЫН АЛА АЛМАЙ ЖҮР

Жылу қазандығының іргетасы 2013 жылы қаланған болатын. 8 жыл бойы жұмыс тоқтап тұрды. Былтыр құрылыс жұмыстарын аяқтап, қажетті қондырғыларды орнатқан мердігер тапсырыс берушіден келісілген төлемақысын ала алмай жүр. Евгений Лебедько іске кіріспес бұрын жобаны аудандық әкімдік мақұлдаған. Келісілген сома 40 млн теңге. Кәсіпкердің құзырлы мекемеде әлі 10 млн теңгеге жуық алашағы бар. Айтуынша Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукинмен келіссөз жүргізу мүлде мүмкін емес. Шенеунік бейәдеп сөздер айтатын көрінеді. Әкімдікпен келісе алмаған ол әкімшілік сот көмегіне жүгінген. Заң органы кәсіпкердің есебіне шешім шығарған. Әрі қарай іс экономикалық сотта қаралады. 

«Қондырғылар да күтімді қажет етеді. Оны да пайдаланудың өз талабы бар. Бірақ оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Уақытылы тексеріс жасаған да абзал. Соңғы жарты жылда бұл шаруалардың бірі де атқарылмағаны анық. Резервтік қазандық мүлде істен шыққан. Құйған ақша мен еңбек зая кетті. Енді оны жөндеуге тағы да бюджеттен ақша бөлінуі керек. Аз сома емес. Мен нысанды әкімдік қарамағына тапсырғанда барлығы жарамды еді. Бүлініп қалғаны өкінішті», - дейді кәсіпкер Евгений Лебедько.

Әкім мен кәсіпкер арасындағы даудың түйіні табылар емес. Қазандықтың жұмыс істемеуіне екеуі бірін-бірі айыптайды. Одан қарапайым халық зардап шегіп отыр.

«Біз кәсіпкердің жұмысын қабылдамаған себебіміз ол құрылысқа кеткен шығындарды бірнеше есе көбейтіп көрсеткен. Оны қайта есептеп, осындай олқылықтарды анықтадық. Үнемделген қаржыны аудан бюджетіне қайтаруымыз керек. Былтырдан бері жылу қазандығын сенімгерлікке алатын кәсіпорын таба алмай отырмыз. Себебі Евгений Лебедько шу шығарып, әріптестерін айнытып тастаған. Енді көктемде біз нысанда тексеріс жүргізетін тәуелсіз компания табуымыз керек. Олар барлық олқылықтарды анықтайды. Қалғанын содан кейін жатамыз», - дейді Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин.  

Қазандыққа бірінші кезекте аудан әкімдігінің екі ғимараты, мектеп пен салынып жатқан көпқабатты үй қосылуы тиіс еді. Аталған нысандардың қатарынан біреуі ғана орталық жүйеден жылу алып отыр. Мамлютка қаласында салынып жатқан көппәтерлі үй де сол қазандықтан жылытылуы тиіс еді. Нысан жоспар бойынша өткен жылдың желтоқсанында тапсырылуы керек болған. Ол да сақалды құрылысқа айналды. 

Бұл Мамлют ауданында туындап отырған бірінші даулы мәселе емес. Жабық хоккей корты бір жылдан бері жарық пен жылусыз жұмыс істеп тұрғанын жазған болатынбыз. Мәселенің түйіні әлі күнге табылған жоқ. Спорт нысаны қыс маусымында ғана жұмыс істейді. 

Эльмира Мәмбетқызы