Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Павлодарда ер адам дүкенге пышақпен шабуыл жасады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 наурыз күні сағат 13.05-те қорқып қалған әйел полицияға қоңырау шалып, бес минут бұрын белгісіз ер адам дүкенге қарақшылық жасағанын айтқан.
"Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы сағат 13.00-де Н.Назарбаев даңғылы, 2/1 мекенжайы бойынша орналасқан дүкенге мас ер адамның кіріп, пышақпен қорқыту арқылы 3000 теңге ақша мен бір бөтелке шарапты ашық иемденгенін анықтады. Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 192-бабы 2-тармағының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Сатушы қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні сипаттап, бағдар берген. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жақын орналасқан барлық ауданды тексеріп шықты. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері дұрыс бағдарлаудың нәтижесінде күдіктіні 15 минуттан кейін Н.Назарбаев даңғылындағы 7-ші үйдің жанында ұстады. Оны жәбірленуші сатушы анықтады.
Ер адам ақша мен шарапты пайдаланып үлгермеген. Заттай дәлелдемелер мен пышақ тәркіленді. Тексеру нәтижесі ер адамның орташа дәрежеде мас болғанын көрсетті.
Күдікті Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны болып шықты. Ер адам бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған.