Теңіз кең орнынан шыққан өрт 2800 шаршы метр аумаққа жетті
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр
Атырау облысының Жылыой ауданында Құлсары қаласынан 90 шақырым жерде Теңіз кен орны аумағындағы «NASAR SOLUTIONS» ЖШС аумағында өрт шықты. Бастапқыда 200 шаршы метр болған өрт қазіргі уақытта 2800 шаршы метрге жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жақын жерде орналасқан ашық контейнерлерде, металл бөшкелерде және пластик ыдыстарда жалпы ауданы шамамен 2800 шаршы метрді құрайтын сұйық жанғыш қалдықтар тұтанған. Өрт салдарынан жүк көтергіш (Car) жанып кетті. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда. Өртті сөндіруге Теңіз кен орнының Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 17 қызметкері мен 4 техникасы, «COCR» ЖШС-нің 6 қызметкері мен 2 техникасы, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 12 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.