Ол полиция ғимаратында сақталған қару-жарақты қорғау кезінде қаза тапты
Жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болған полицей Ринат Қамбетовтың анасы ұлының соңғы сөздерін еске алды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Ең соңына шейін телефонмен сөйлесіп отырдым ғой… «Мама, сен бізді осылай тәрбиеледің ғой» деген сөздері көз алдымда тұрады. Ұлым соңғы демі таусылғанша антына берік болды», – деді көзіне жас алған Бекзада Әлімбаева.
Ринат Қамбетов 1988 жылдың 2 тамызында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2010 жылдан бастап қызмет атқарған. 5 қаңтар күні қаскөйлер Алмалы аудандық полиция бөлімін басып алмақ болып, шабуыл жасаған. Ринат әріптесі Ален Асылхановпен полиция ғимаратында сақталған қару-жарақты қорғау кезінде қаза тапты.
«Мектеп бітіргеннен кейін полицияға орналасып, жұмыс істеу арманы болды. Он жылдан артық Алматы қаласының полициясында жұмыс жасады. Баламыз жаман болған жоқ. Елге сыйлы болды. Жақсы қызметкер, ата-анаға қамқоршы жақсы ұл болды. Туыстарымыз да оны жақсы көруші еді. Қызмет барысында қайтты енді… Бір Алланың ісі ғой», – деді полицейдің әкесі Талғат Қамбетов.
Ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерінің артында жұбайы мен екі ұлы қалды.
Айта кетейік, Ринат Қамбетовпен бірге қару-жарақты қорғау кезінде қаза тапқан Ален Асылхановтың жары жақында сүйіктісінің соңғы хатын жариялаған болатын.