Маңғыстау облысында есірткі тасымалдаумен айналысқандар қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілерді тінту кезінде жарты келіге жуық синтетикалық есірткі заты табылды

Маңғыстау облысында ұзақ уақыт бойы синтетикалық есірткі тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласындағы «Грин Парк» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінен екі ер адамды ұстады. Олар Алматы қаласының тумалары екен. 

«Күдіктілердің пәтерін тінту кезінде жалпы салмағы жарты келіге жуық 240 шағын пакетке салынған синтетикалық есірткі заты табылып, тәркіленді», – делінген баспасөз қызметінен.

Аталмыш факт ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша Маңғыстау облыстық ПД СДТБТ-да тіркелген.

Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.