Күйеуі өзін өлтірмек болғанын айтып шағымданған жәбірленушіні тергеушілер психикалық ауруханаға жатқызамыз деп қорқытыпты
Елордалық Шолпан Көшербаева 20 жыл бойы өз жұбайынан қорлық көріп келіпті. Күйеуі өзін өлтірмек болып жүргенін айтып, құлдық пен қорлықтан қашқан жәбірленуші құқық қорғаушыларға да шағымданған. Бірақ тергеушілер оның өзін психикалық ауруханаға жібереміз деп қорқытқан көрінеді.
«Астана» арнасының хабарлауынша, тірліктің тауқыметін көрген кейуана 20 жыл бойы темір есіктің артында қорлықпен өмір сүріп келген. Қазір азапталған үйде ешкім жоқ, есік құлыптаулы.
Күйеуінен қашқан Шолпан Көшербаева қазір туысының үйін паналап жүр. 30 жасында екінші рет тұрмыс құрған оны жолдасы маскүнемдікке салынып, күнде ұрып-соғатынды шығарған. Тіпті, қайынжұртынан да жапа шеккенін айтты.
«Менің көзіме қышқыл құйып көрсоқыр етті. Ақерке мен Айсана мені өлтіргісі келеді. Әлі күнге дейін қорқамын. Тіпті, сыртқа шығуға қорқамын. Ал күйеуім Айсананы да, Ақеркені де зорлаған. Олар ішіп алған сайын мұны бетіме басып, мені соққыға жығады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Шолпан КӨШЕРБАЕВА.
Былықтың беті адам өлімінен соң ашыла бастаған. Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі маскүнем достарының бірі Ерлан Қанапияновты соққыға жығып, өлтіріп алған. Ал күдікті ретінде қылмысқа мүлде қатысы жоқ Тимур есімді жігіт тергеуге алынды деп отыр. Ұлының кінәсіз екенін дәлелдеуге кіріскен Зейнеп Шакірғанова бұл отбасының былығы көп деді.
«Мен бұл іске белсеніп кірісіп көріп едім. Сөйтсек, күдікті тіпті, кішкентай 4 жасар немере қарындасына да әлімжеттік жасаған екен. Ал оны екі жасында арақ беріп, улап алған. Айта берсең, былығы өте көп», – дейді белсенді Зейнеп ШӘКІРҒАНОВА.
Шолпан Көшербаеваның айтуынша, жұбайы бұған дейін де 2 рет кісі өлтірген. Әйтсе де, ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған. Адам өлімін көріп, қорлықтың құрбаны болған ол тергеушілерге де жүгінген көрінеді. Бірақ олар сөзіме сенбей, қоқан-лоққы көрсетті деп отыр. Ал қорғансыздың қорғаушысы мұнда бір былықтың бары анық дейді.
«Департаменттің атына Саденовпен кездестірсін деп арыз жаздық. Бірақ тергеушілер барын салып, бізді кездестірмеудің амалын жасады. Заң бойынша осындай дерек түссе, бір тәуліктің ішінде қылмыстық іс қозғалуы керек еді. Бірақ қозғалған жоқ», – деді қорғаушы Талас САҒЫМБАЕВ.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Нұрлан Әбішов жапа шегуішінің арызы кеше ғана түсті деп отыр. Ал адам өліміне қатысты істе Шолпан Көшербаеваны куәгер деп таныған. Қазір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен.
«Қаңтардың 14-і күні ҚР ҚК 110-бабы бойынша арыз түсті. Оны тіркедік. Біз тергеу барысында көрсетілген осы фактілер бойынша көзбе-көз жауап аламыз. Мәселенің анық-қанығын анықтаймыз», – деп пікір білдірді Нұр-Сұлтан қалалық ПД тергеу басқармасының бастығы Нұрлан ӘБІШОВ.