Қыздар медициналық мекемеге жеткізілді
Успен ауданында түнгі уақытта жүрген екі мас қыз ұсталды. Тексеру қорытындысы олардың шынымен де спирттік ішімдіктер ішкенін растады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында түнгі уақытта Успен ауылында көшеде жүрген екі қызды анықтаған.
"Жасөспірімдердің айтуынша, олардың бірінің анасы түнгі ауысымға жұмысқа кеткен және осы сәтті пайдаланып қалмақ болған бойжеткен жатақханада тұратын аграрлық-техникалық колледжден студент құрбысын қонаққа шақырған. Кәмелетке толмағандардың екеуі де 17 жаста", - дейді Успен ауданы полиция бөлімі ювеналдық полиция аға инспекторы Дамира Букаева.
Оларға спирттік ішімдікті колледждің 4-курста оқитын досы әкелген.
Айта кетерлігі, олардың бұл әрекеті осымен бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейін колледж студентімен және оның анасымен баланың түнгі уақытта ата-анасыз болуына жол бермеу туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілген және анасы ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондықтан кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта болғаны үшін қыздардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ жасөспірімдердің мас күйінде болғаны және қоғамдық орындарға шыққаны үшін ата-анасы ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.