Екібастұзда көлік жүргізіп келе жатқан ер адам инсульт алды

Автор: Azattyq Rýhy

Тәртіп сақшылары көліктің біртүрлі жүріп келе жатқаны байқап, жүргізушіні көрген соң дереу жедел жәрдем шақырған

Екібастұзда көлік жүргізіп келе жатқан ер адам инсульт алды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, М.Жүсіп – Торайғыров көшелерінің қиылысында көлік кенеттен тоқтап қалып, қозғалысқа кедергі келтірген. 

"Полицейлер дереу көлікке барып, көліктігі егде жастағы ер адам тізгіндегенін анықтады. Ол кісінің ауырып тұрғаны бірден байқалған. Жүргізуші тәртіп сақшыларының сұрақтарына тек саусақтарын қимылдатып жауап берген", - деп еске алады Екібастұз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Азамат Күркебаев.

Жүргізуші көлігін жүргізіп келе жатып ауырып қалған. Абырой болғанда, полицейлер дереу оқиға орнына жедел жәрдем шақырды. Оқиға орнына келген дәрігерлер «ишемиялық инсульт» деген диагноз қойды.

Кейін ер адам кенеттен ауырып, аяғы мен қолы жансызданып,  денесі жартылай қозғалмай қалғаны және басы қатты айналып кеткені анықталды. 

"63 жастағы ер адам қазір ауруханада жатыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Дәрігер рұқсат берген бойда ол кісіге міндетті түрде барамыз. Оның тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз", – деді Азамат Күркебаев.

Ер адамның туысқандары туысының өмірін сақтап қалған  полицейлерге ұялы телефон арқылы алғыс айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.