Ақтөбеде мүгедек қызды емшілікпен айналысатын ағасы зорлап келген

Автор: Azattyq Rýhy

28 жастағы қыздың  жақындары сұмдық жайтты жуырда ғана естіп, полицияға шағымданған

Ақтөбеде мүгедек бойжеткенді немере ағасы екі жыл бойы зорлап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Егіле жылаған бойжеткеннің анасы бетін көрсетпеуді өтінді. Сұмдық жағдайды өздері де тек қыркүйек айында естіген екен. Өйткені, сол туысы үйге келгенде қыз шошып, ол адамды жек көретінін білдіріп, қашуды шығарыпты. Кейін сұрастыра келе сұмдық жағдайды анықтаған.

«Ол соңғы рет үйге 1-2 тамыз күндері келген еді. Содан кейін қызым оның не істегенін, қалай істегенін, бәрін көрсетіп берді. Бәрін айта алмайды ғой, бірақ көрсетіп берді. 1 тамыз күні асүйдегі орындыққа оны күшпен жатқызып, ойын жүзеге асырған», – деп көз жасына ерік берді жәбірленушінің анасы.

Бойжеткен туа біткен сал ауруына шалдыққан. Екінші топтың мүгедегі. Күдікке ілінген немере ағасы емшілікпен айналысатын көрінеді. Ол қызды көптен бері емдеп, массаж жасап жүрген екен. Әкесіндей адамға қыздың жақындары толықтай сенген.

«Жазасын толық алғанын қалаймын. Ол қызыма қандай қорлық көрсетті, оны да солай қорласын! Сіздерден өтінерім, әділдік болса екен. Сот неге істі кері қайтаруы керек, оалй болмайды ғой», – деді жәбірленушінің анасы.

Бұл қылмыстық іс тергеліп, сотқа жеткен еді. Бірақ сотта тергеудегі шикіліктер анықталып, қайта тергеуге жолданған.

«Ақтөбе қаласы №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 2-бөлігі 4-тармағы, яғни зорлау фактісі бойынша айыпталған 1966 жылғы туылған азаматқа қатысты қылмыстық іс түсті. Соттың осы жылдың 6 қаңтардағы қаулысымен қылмыстық іс Қылмыстық-процестік заңнаманың бұзуылуына байланысты прокурорға қайтарылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», – деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің бас маманы Айжамал СҮНДЕТ.

Қазіргі таңда тергеуде олқылықтар кеткендіктен іс қайта тергеліп жатыр. Ол қандай кемшіліктер екенін не сот, не прокуратура өкілдері айтпады. Істің қашан сотқа жететіні де белгісіз. Бір анығы күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.