Алматыда баласын ауруханаға тастап кеткен отбасы іздестіріліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Енді Тәңірберген есімді бала «Әділ» қоғамдық қорына уақытша қамқорлыққа берілмек

Алматыдағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында бес айдан бері жалғыз жатқан екі жасар бүлдіршінді «Әділ» қоғамдық қоры уақытша өз қамқорлығына алды. Бұл туралы бүгін қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

2 жасар бүлдіршін былтыр қыркүйекте Райымбек даңғылы мен Саин көшесінің қиылысында табылған. Полиция өкілінің айтуынша, қасында әкесі болған. Бірақ не баланың, не өзінің құжатын көрсете алмапты. Содан соң полицейлер бүлдіршіннің денсаулығын тексерту үшін ауруханаға апарады. Ал ер азамат өзінің құжаттарын алып келемін деп үйіне кетеді. Дегенмен, 22 қыркүйектен бері ат ізін салмаған. Енді Тәңірберген есімді бала «Әділ» қоғамдық қорына уақытша қамқорлыққа берілмек.

«Өткен тәуліктен бері полиция департаменті мен аурухана қызметкерлері баланың туу туралы куәлігіне қажетті құжаттарды жинауды бастады. Ол құжаттар Әуезов аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына өткізілді. Ертең сәбидің туу туралы куәлігі дайын болады. Әкесі мен анасы әлі іздестіріліп жатыр». - деді қалалық ПД басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Тәңірбергеннің балалар ауруханасында әлі қанша уақыт болатыны белгісіз. Дәрігерлердің айтуынша, оның денсаулығы жақсы. Медициналық мекеменің тәрбиешілеріне бауыр басып қалған. Енді енді тілі шығып келе жатыр екен.

«Кезекпен жанында боламыз, түнде жалғыз жатпайды. Күндіз ұйықтаған кезде де үнемі біз бақылап жүреміз. Жанында боламыз қорқып қалмасын деп. Қазір баланың анық дамитын кезі, бір-екі сөз айтады «мама, папа» деп. Денсаулығы жақсы, тамақты жақсы ішеді», - деді қалалық балалар клиникалық ауруханасының тәрбиешісі Гүлайым Акрамханова.

Полицияның мәліметінше, құжатсыз отбасы қыркүйек айының басында Жамбыл облысынан Алматыға күнкөріс үшін келіпті. Жұмыс іздеп, үш аптадай далада өмір сүрген. Енді екі жасар Тәңірбергеннің ата-анасы табылса жауапкершілікке тартылуы мүмкін.