Сәбидің анасына адам өлтіруге оқталу бабы бойынша айып тағылды
Ташкенттегі хайуанаттар бағында үш жасар қызын аюдың торына лақтырған әйел күйеуінің кесірінен депрессияға түскен, деп хабарлайды Sputnik.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.
«З. Т. екі баласымен бірге Ташкент қаласының Сіргелі ауданындағы «Кумарик» махалласында әкесінің үйінде тұрады. Оның күйеуі Ресейге кетіп қалған. Онымен бірге тұрмайды. Сол себепті әйел депрессияға түскен», – делінген Өзбекстанның отбасы және махалланы қолдау министрлігінің Telegram-арнасындағы жарияланған ресми хабарламада.
Әйелдің өзі жұмыс істемейді. Оның балаларына бірнеше рет әлеуметтік және заңды көмек көрсетілген.
«Қазіргі кезде құқық қорғау органдары тергеу шараларына кірісті. Зардап шеккен балаға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр», – деп толықтырды баспасөз қызметі.
Ал денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, кішкентай қыз бас сүйек-ми жарақатын алған. Биіктен құлағаннан кейін миы шайқалған. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Айта кетері, бұл оқиға 28 қаңтарда болды. Әйелдің баласын аюға лақтырған сәті видеоға жазылып қалды. Бала бес метр биіктіктен құлаған. Бірақ аю оған тиіспеді.
Қыздың анасына адам өлтіруге оқталу бабы бойынша айып тағылды.