Алматы облысында өзбекстандық жұмысшылар жанжалдасып, бірі мерт болды

Автор: Azattyq Rýhy

Екеуі де жеке тұрғын үй құрылысында жұмыс істеген

Алматы облысының полицейлері Өзбекстанның 27 жастағы азаматын ұстады деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Кісі өлімі 11 қаңтарда Талғар ауданында болған.

43 жастағы ер адамның мәйіті құрылыс нысандарының бірінен табылды. Полицейлер оның денесінде ауыр жарақаттардың бар екенін айтып отыр. Марқұм 2019 жылы елімізге Андижан облысынан келіп, Қайнар ауылында жеке тұрғын үй салумен айналысқан екен.

«Аудандық полиция қызметкерлері кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен 27 жастағы Өзбекстан азаматын ұстады. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, қылмысқа қатысты барлық мән-жайлар анықталатын болады. Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Алдын ала болжам бойынша, күдікті отандасын пышақтап өлтірген. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.