11 қаңтардан бастап алкогольді ішімдік ішіп, көлік жүргізу жауапкершілігін күшейтетін заң күшіне енді
Қарағандылық азамат осымен екінші рет мас күйінде көлік жүргізгені үшін бес жылға дейін сотталып, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«11 қаңтарда полиция қызметкерлері Қарағанды қаласында рөлінде 37 жастағы жүргізуші болған көлікті тоқтатты. Полиция қызметкерлері жүргізушіден ішімдік иісі шығып тұрғанын сезген. Ол 2018 жылы соттың шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылып, тағы да мас күйінде рөлге отырған», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Алмаз Саламатов.
Жүргізуші уақытша ұстау абақтысына қамалды.
«Бұл азамат өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін», - деді Саламатов.