Ақтөбе облысына зымыран сынығы құлады

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған жайтқа қатысты Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

Ақтөбе облысына зымыран сынығы құлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«2020 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес ҚР аумағындағы полигонды жалға алған РФ Қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығулары уақытында бір зымыранның сынығы белгіленген орындардан тыс жерге құлады. Жарылыс болған жоқ», – делінген хабарламада.

Министрлік хабарламасында сондай-ақ, зымыран сынығы құлаған Байғанин ауданындағы аумақта зардап шеккендер мен қираулар жоқ екені де айтылады. 

Министрлік өкілдері тұрғындар үшін жағдай қауіпті еместігін атап өтті.

«ҚР аумағында нысандарды пайдалана отырып, зымырандарды ұшыру оқу-жаттығуларды өткізудің жылдық жоспарына және кестесіне сәйкес жүргізілді. Оқиға орнында ҚР ІІМ ТЖК қызметі жұмыс істеуде», – дейді министрлік өкілдері.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері зымыран сынығы құлаған ауданды оқшаулаған. Екі ела арасындағы келісімге сәйкес, Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы Қазақстан-Ресей комиссиясы мән-жайды және себептерді анықтайтын болады.