Қостанай облысында боранда адасып кеткен бала табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Іздестіру-құтқару жұмыстарына 110 адам, 26 техника жұмылдырылған

Фото: alau.kz

Қостанай облысында мал іздеп шығып, жоғалып кеткен 14 жастағы жасөспірім аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кирилл Дукарт 3 қаңтар күні сағат 10.00-де атпен жылқы қарауға шығып, боранда адасып, жоғалып кеткен.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар қызметінің полиция қызметкерлері, кинологиялық қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды. Барлығы 110 адам, 26 техника тартылған.

«Сағат 23.46 шамасында бала Майкөл ауылдық округінің Шеминовка ауылынан табылды. Баланың айтуынша, қарлы боранда адасып, қайтар жолын таба алмай, Шеминовка ауылына жеткен соң бірінші кездескен үйге түскен. Сол үйде жылынып алмақ болған. Баланың табылғаны туралы үй иелері хабар берген», - делінген хабарламада.