Оқыс оқиғадан қаза болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ
Алматы облысында қатты жел әуе шарында отырған адамды ұшырып әкетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қаңтар күні сағат 16:43-те Алматы облысы ТЖД пультіне Талғар ауданы «Ақ бұлақ» тау-шаңғы кешенінде қатты жел соғып, сақтандыру арқандарының үзілуі салдарынан әуе шарында отырған адамды тау жаққа ұшырып әкеткені туралы хабарлама түскен.
Шақырту орнына Талғар қалалық 2-МӨСБ-нен (7 қызметкер, 2 бірлік техника) және республикалық жедел-құтқару жасағынан (7 қызметкер, 1 бірлік техника, 1 кинологиялық есеп) ҚР ТЖМ бөлімшелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған.
«Жел ұшырып әкеткен шар ішінде әуе шарымен ұшу жөніндегі нұсқаушы отырған. Ол нұсқаулық талабына сай тиісті әрекет ете білуінің арқасында аман-есен төбеге қона алған. Талғар қаласының мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «Солдатсай» шатқалынан нұсқаушыны тауып, оны қауіпсіз жерге жеткізді», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, оқыс оқиғадан қаза болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ.
Алматы облысының ТЖД азаматтардан барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.