Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы белсенді Ерқанат Есболовты сабаған бұрынғы әкімнің ұлы екенін хабарлады.
Ерқанат Есболов есімді белсендіні соққыға жыққан төрт адамның бірі - Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Меруерт Мәдикенованың ұлы болып шықты.
«ӘКІМНЕН» ШЫҚҚАН ӘКІМ ЖҰМЫСЫНАН БОСАТЫЛДЫ
«Хабар 24» телеарнасында шығатын «Әкім» бағдарламасының аталмыш ауылдық округте (2019 жылдың желтоқсанында) түсірілген санынан кейін, әкім Меруерт Мәдикенова жыл басында өз еркімен лауазымын босатқан. «Әкім» бағдарламасына сұхбат берген ауыл тұрғындары жергілікті әкімнің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, ашық сынаған.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Марина Шаповалова әлеуметтік желіде «алдын ала мәлімет бойынша, Ерқанат Есболовты бұрынғы әкімнің ұлы сабаған» деп хабарлады.
«Осы жылдың 5 қаңтарында Меруерт Мәдикенова өз қалауымен жұмыстан босатуын сұрап, өтініш жазып, 6 -қаңтардан бастап ол атқарып отырған лауазымынан босатылды. Қаңтардың 6-сынан 7-не қараған түні жоғарыда аталған мемлекеттік қызметкердің туысқаны соққыға жығылған. Алдын ала мәлімет бойынша - оны бұрынғы әкімнің ұлы сабаған», - деді облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы.
Марина Шаповалованың айтуынша, істің тергеу барысы Қарағанды облысының полиция департментіне жіберілген.
«Қарағанды облысының әкімдігі аталған оқиғаға байланысты бұрынғы әкімнің ұлының бұл іске қатысты болуына аса наразы. Қарағанды облысының әкімдігі тергеу шараларының әділ және объективті түрде өткізілуіне мүдделі. Істің тергеу барысы Қарағанды облысының полиция департментінің бақылауында», - деп жазды.
ТӨРТ АДАМНЫҢ БҰЗАҚЫЛЫҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСКЕ ТЕҢЕЛДІ
Бағдарлама жүргізушісі Ақбөпе Тәңірберген «Зардап шеккен Ерқанат Есболов журналистерді күтіп алып, сұхбат берген белсенді» дейді.
Ерқанат Есболовты Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі қызметінен босатылған күні, нақтырақ түнгі сағат 00.00 шамасында төрт адам жабылып соққыға жыққан. Қарағанды облысы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жанатай Әбікеновтің хабарлауынша, зардап шеккен азамат 39 жаста. Қарқаралы ауданының полиция бөлімі осы фактіні сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне Қылмыстық кодекстің 293 бабы, 2 тармағы, 1 тармақшасына сәйкес, алдын ала келісу бойынша бір топ адам бұзақылық жасаған қылмыстық іс ретінде тіркеген.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмысқа қатысқан адамдардың бәрі анықталып, олар қылмыстарын мойындаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу органдары осы іске қатысты жоспарлы түрде жедел тергеу шараларын өткізіп жатыр», - дейді баспасөз қызметінің жетекшісі.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан