$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.01.2020, 12:06
Оқиғалар

Кореяда 7 жасар баланы қаққан қазақстандыққа қатысты сот үкімі шықты

Корея прокуратурасы қазақстандық азаматты 5,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған, алайда сот шешімімен 2,5 жылға сотталды

Кореяда 7 жасар баланы қаққан қазақстандыққа қатысты сот үкімі шықты

Корея республикасында 7 жасар баланы қағып, Қазақстанға қашып кеткен павлодарлыққа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы ақпаратты Yonhap News Agency ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап BaigeNews.kz сайты хабарлады.

«Чанвон округінің қылмыстық бөлімнің бас судьясы Кан Се Бин 21 жастағы қазақстандық А есімді азаматтың көлікпен адам қаққаны үшін және лицензиясыз көлік жүргізгені үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады», - дейді Yonhap News Agency.

Прокуратура қазақстандық азаматты заңсыз әрекеті үшін бес жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда судья айыпталушының істеген әрекеті үшін өкініп, кешірім сұрау үшін Қазақстаннан Кореяға өз еркімен оралғанын ескерген. Алайда, ол жазадан құтылған жоқ.

«Оқыс оқиғадан кейін баланың когнитивтік және сөйлеу қабілеті нашарлаған. Ол қайта оңалу үшін ем алу керек. Бұл жәбірленуші отбасының экономикалық жағдайын қиындатады. Материалдық шығын өтелмеген, сондықтан сот үкімі тағайындалады», - дейді судья Кан Се Бин.

Сондай-ақ судья жол-көлік оқиғасына жәбірленушінің де кінәсі барын ескеріп отыр. Ол (жәбірленуші бала – ред.) бағдаршамы жоқ, жаяу жүргіншілерге рұқсат етілмеген жерді кесіп өтпек болған.

Қазақстан азаматының сотталғаны жайлы ҚР Сыртқы істер минисрлігі де ресми хабарлады.

«2020 жылғы 10 қаңтарда Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласы Сотының қорытынды отырысының нәтижесі бойынша, ҚР азаматы Сырым Шәрібек 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Адвокаттың ақпараты бойынша, айыпталушы тарап Сот шешіміне аппеляция беруді шешті. Апелляция қабылданбаған жағдайда, жазасын өтеу мерзімі Корея Республикасының аумағына келген сәттен, яғни 2019 жылдың 14 қазанынан бастап есептеледі. Қазіргі уақытта С. Шәрібек Чангвон қаласының түрмесінде», - СІМ хабарламасында.

Бұған дейін сайтымызда Оңтүстік Кореяда 7 жасар баланы қағып, Қазақстанға қашып кеткен павлодарлық тұрғын сәбидің ата-анасынан кешірім сұрағаны жайлы хабарланды.

Серіктес жаңалықтары