Павлодар облысында несие төлегісі келмеген азамат «алаяқтардың құрбаны болдым» деп полицияға арызданған

Azattyq Rýhy

Тексеру кезінде несиені арызданушының өзі рәсімдегені белгілі болды

Фото ашық дереккөзден

Павлодар облысының тұрғыны алған несиесін төлегісі келмегендіктен полицияға шағымданған. Бұл әрекеті үшін ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik.kz.

Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс ауданының полиция бөліміне Ертіс ауылының тұрғыны танымайтын адам ақпарат жүйелерінің көмегімен оның атына екі несиелік қарыз ресімдегені туралы өтінішпен жүгінген. Алайда тексеру кезінде тәртіп сақшылары кредитті арызданушының өзі алғанын анықтады.

"Қылмыстық кодекстің 419-бабы бойынша қылмыс жасағаны туралы жалған хабар беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", - деді Ертіс аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Үсенов.

Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адамға 4 000 АЕК (11 668 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы да қарастырылған. Бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру да қолданылуы мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.