Шұғыл«Тауық пен сиырдың айырмашылығын білмейді» – Нұрлан Нығматулин Экология министріне ауылға баруға кеңес берді

Арнайы операция: Алматы облысында қаруланған қылмыстық топ ұсталды

Күдіктілер отырған көліктен есірткі, тапанша мен аңшы мылтығы табылған

Фото: Алматы облыстық полиция департаменті

Алматы облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, күдіктілер тонаумен, зергерлік бұйымдар ұрлаумен айналысқан. Оларды қолға түсіру шарасы Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы Қорғас-Алматы тас жолының бойында болған. Полиция қызметкерлері Шелек ауылының маңында «Volkswagen Golf» көлігіне мінген 22-25 жас аралығындағы үш жігітті ұстаған.

«Үшеуі де Еңбекшіқазақ ауданындағы жеке үйлер мен пәтерлерін тонап, бірнеше ұрлық жасады деген күдікке ілінді. Қылмыстық топты анықтап, қолға түсіру үшін полиция екі ай бойы жасырын жұмыс жүргізген. Қарақшыларды ұстау кезінде күдіктілерден 16 калибрлі аңшы мылтығы мен тапанша табылған. Бұдан бөлек көлік салонында 2 келі марихуана жасырылғаны анықталған. Ұсталған адамдар Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөліміне жеткізілді», - делінген Алматы облысы ДП баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Полиция департаменті ұсталған қылмыстық топтың мүшелері Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандарының тұрғындары екенін айтты. Күдіктілердің бірі бұрын да істі болған. Ал, тәркіленген қарулар сараптамаға жіберілді.

«Ұрылар жаз айынан бері қылмыс жасап келген. Алдын ала мәлімет бойынша, олар әшекей заттар мен ақша ұрлап, қомақты шығын келтірілген 8 ұрлық жасаған. Қазір оларға қатысты қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша (ұрлық, есірткі мен қаруды заңсыз сақтау) тергеу жүргізілуде. Күдіктілер қамауда. Тергеу облыстық ПД басшысының жеке бақылуында», - деп атап өтті баспасөз қызметі.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы