Алматыдағы сауда орталығында ер адам кішкентай балаға қол көтерді

Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Алматыдағы сауда орталығында ер адам кішкентай балаға қол көтерді
Фото ашық дереккөзден

Алматы қаласындағы сауда орталықтарының бірінде ер адам кішкентай балаға қол көтерді. Қазір аталған оқиға бойынша полиция тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Dostyk Plaza» сауда үйінде болған жағдай бейнекамераға түсіп қалған. Оқиғаның бейнежазбасы Фейсбуктегі «Криминальный Казахстан» тобында жарияланды.

Бейнежазбадан ер адамның қызын итеріп жібергені үшін шамамен 4-5 жасар баланы ұрғаны анық көрінеді. Ары қарай сауда орталығының қызметкерлері мен келушілер жағдайға араласып, ер адамға наразылық білдіреді. Ашуға булыққан азамат ешкімді тыңдамай, тіпті, баланың анасын да қорқытыпты.

Соққы алған балақайдың анасы полицияға шағымданды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметінің мамандары тексеруді бастады. Тексеру шаралары аяқталған соң тиісті шешім қабылданады», - делінген Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.