Таразда терезеден секірмек болған 8 жасар қыз құтқарылды
Қыз бала өзін анасы тастап кетті деп ойлаған
Таразда ұландықтар терезеге тақау тұрған 8 жасар қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
8 желтоқсан күні сағат 17.40 кезінде Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің сарбаздары Тараз қаласындағы 1 шағынауданға қарасты 7 үйдің маңынан өтіп бара жатып, 5-қабаттағы пәтердің балконынан секіргелі тұрған қыз баланы көреді.
Әскери жасақ дереу рация арқылы кезекші офицерге баяндап, №1 полиция басқармасына хабар береді.
«Жасақ бастығы Ерден Ауған қасындағы патрульшілер Бекзат Қуаныш пен Насыр Нұрмұхамедов қыз баланы әңгімеге тартып, уақытты соза тұрады. Ұландықтар учаскелік полиция қызметкері келген бойда пәтер иесін анықтап, оқиға орнына секіргелі тұрған қыздың анасын шақыртады. Үй иесімен бірге пәтерге кіріп, қайғылы жағдайдың алдын алады», - делінген Ұлттық ұланның баспасөз хабарламасында.
Кейін белгілі болғандай, анасы қызды сыртынан құлыптап, азық-түлік алу үшін дүкенге кеткен. Ал қызы «Мені тастап кетті» деп ойлап, қобалжығаннан терезеден секірмек болған.
Дер кезінде жедел көмек көрсеткен, баласын жамандықтан аман алып қалған Ұлттық ұлан жауынгерлеріне әйел шексіз алғысын білдірді.