Балабақша меңгерушісімен соттасып жатқан Алматы қалалық білім басқармасының басшысы өз шындығын айтты
№7 балабақшаның бұрынғы меңгерушісі Ләззат Жылқыбаева өзін заңсыз жұмыстан шығарды деп шағымданған болатын

Осыдан бірнеше күн бұрын редакциямызға Алматы қаласы Алмалы ауданына қарасты №7 балабақшаның бұрынғы меңгерушісі Күлшат Рыспаева қалалық Білім басқармасы өзін жұмыстан заңсыз шығарды деп шағымданған болатын. Аталған мәселеге қатысты екінші тараптың пікірін білу үшін Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Әуесханқызына редакциямыз ақпараттық сауал жолдаған еді.
Балабақша меңгерушісін не себепті жұмыстан шығарды?
Білім басқармасы өз жауабында К.Рыспаевамен еңбек шартын бұзуымызға бұрынғы басшының «бюджет қаржысын жымқыру фактісі» себеп болды дейді.
«К. Рыспаевамен еңбек шартын бұзуға 2021 жылғы 22 ақпандағы және 12 мамырдағы 2 анықтама негіз болды. 2021 жылғы 22 ақпандағы мониторинг материалдары Алматы қаласының прокуратурасының қарауына жолданды. Алматы қаласы прокуратурасы ол материалдарды қалалық экономикалық тергеу департаментіне мемлекеттік сатып алу саласында негізсіз шарттар жасасу жолымен бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтау, мәні бойынша қарау және шаралар қолдану үшін жолдаған (2021 жылғы 26 ақпандағы № 2-17-21-05190 хат). Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті аталған фактіні АЕК-те 2021 жылғы 9 наурызда 21700120000423 тіркеп, Алматы қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Сайынның 2021 жылғы 27 сәуірдегі шағымы бойынша жүргізілген зерделеу нәтижесінде осы балабақша тәрбиеленушісінің ата-анасы А.Ю. Чернованың арызында көрсетілген заң бұзушылықтарға жол берілгендігі және оқу-тәрбие жұмысы дұрыс ұйымдастырылмағандығы анықталды», - деді басшы Жылқыбаева.
14 балабақшаға бөлінген 14 миллион теңгеге қатысты
Рыспаеваның өзі ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражатты аудан әкімінің мөрінсіз ешкім ала алмайтынын айтса, басқарма:
«К.Рыспаева № 7 бөбекжай-бақшасының ғимаратын қалпына келтіру және күрделі сейсмикалық күшейтуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанына қарамастан балабақшада 14,5 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген. Күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың 28 мамырынан басталған», - дегенді алға тартып отыр.
«К.Рыспаева балабақшаның күрделі жөндеуге жататынын біле тұра, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және жаңа күркелер салуға шарттар жасасып, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған. Басқа күрделі жөндеу (сейсмикалық күшейту) жүргізу жоспарланған балабақшаларда өз бетінше жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ және меңгерушілерге қатысты тәртіптік жаза қолдану үшін негіздер болған жоқ», - делінген жауапта.
Балабақшадан қуылған екі қызметкердің біреуі жұмысқа қайта алынған
Сауалымызда «Рыспаева қалалық Білім басқармасы қайта күштеп жұмысқа алдырды» деген П.Одырова мен Г.Зубайдаеваға қатысты да сұраған едік. Басқарма басшысы шағымданушы Рыспаеваның өзі заңбұзушылыққа жол берген дейді. Тіпті осы үшін К. Рыспаеваға қатысты тәртіптік жаза қолданылыпты.
«П. Одырова басқа балабақшаға жұмысқа орналастырылды. Ал Г.Зубайдаева теріс себептермен жұмыстан босатылғандықтан, 3 жыл бойы осы күнге дейін жұмысқа орналаса алмай жүр. К. Рыспаеваның балабақшаға басшылық ету кезінде басқарманың атына келіп түскен, әлеуметтік желілерде ата-аналар, балабақша қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері және Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл А. Сайын тарапынан балабақшада болып жатқан өрескел бұзушылықтарға көптеген шағымдар жарияланғанын атап өту керек.
Біріншіден, балабақша қызметкерлері заңсыз негіздер бойынша жұмыстан шығарылған. Олардың кейбіреулері заңдарды білмегендіктен өз құқықтарын қорғауға мүмкіндігі болмады және білім беру қызметін аяқтауға мәжбүр болды.
Екіншіден, балабақшада балаларды ұрып-соғу және тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау фактілері анықталды. Аталған жайттар әлеуметтік желіде қызу талқыланып, мемлекеттік білім беру ұйымдарының беделіне нұқсан келтірілді.
Сондай-ақ, балабақшада тамақтануды ұйымдастыру бөлігінде бұзушылық фактілері анықталды.
Үшіншіден, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану (балабақшада орынсыз жөндеу жұмыстарын жүргізу) фактілері анықталды.
Нәтижесінде К. Рыспаеваның жоғарыда көрсетілген заңбұзушылықтарға және олардың қайталануына жол беруі, бюджеттік қаражатты тиімсіз пайдалануы, басқарманың жұмыс беруші ретінде сенімнің жоғалуына негіз болды», - делінген жауапта.