Ақмола облысында ТҚС қызметкері клиенттің көлігін ұрлап, жол апатына ұшырады
«Нива» маркалы автокөлігін ТҚС аумағынан айдап әкеткен

Ақмола облысында көлік жөндеу орталығының қызметкері клиенттің көлігін ұрлап, жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Осы жылдың 2 желтоқсанында кешкі сағат 20.13-те Бурабай АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан автокөлік ұрлығы туралы арыз келіп түсті, ол оны автосервиске жөндеуге апарған. Техникалық қызмет көрсету станциясының 31 жастағы механигі мас күйінде клиентке тиесілі «Нива» маркалы автокөлігін ТҚС аумағынан айдап әкеткен. Көп ұзамай ол жедел басқару орталығының сыртқы бейнебақылау камерасының тірегіне зақым келтіріп, жол-көлік оқиғасын жасаған», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Аталған факті бойынша Бурабай АПБ қызметкерлері ҚК-нің 200-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.