Ресей азаматы Алматыда төрт млн теңге болатын гауһар тастарды қолды етті
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың осыған ұқсас сегіз оқиғаға қатысы бар екені дәлелденді
Алматы қаласында құны төрт млн теңге болатын гауһар тасты ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қаскөй басқа адамдардың пәтерлеріне кілтті таңдау арқылы кіріп, негізінен зергерлік бұйымдар мен ақшаны қолды еткен. Қаскөй бірнеше рет бейнекамералардың обьективіне түсіп қалған. Күдікті ізін жасыру үшін ұрлыққа әйелдер киімі мен паригін киіп кіріскен. Оның соңғы жасаған қылмысы қараша айының басында тіркелген. Жетісу-2 шағын ауданында пәтерден төрт миллион теңге болатын бағалы заттарды алып шыққан. Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың осыған ұқсас сегіз оқиғаға қатысы бар екені дәлелденді», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Ұсталған азамат – 50 жастағы Ресей Федерациясының тумасы, бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін сотталған. Күдіктіге қатысты тергеу мерзімінде қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Ұсталған адамның қосымша эпизодтарын анықтау бойынша қажетті шаралар қабылдануда.