ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 999 адамнан коронавирус анықталды

Алматы облысында өгей қызын зорлады деген күдікті өзіне қол салды

Оқушы қыз мектептегі сауалнамада өзін өгей әкесі зорлағанын айтқан

Фото: ашық дереккөзден

Алакөл ауданында өгей әкесінен зорлық көрген қыз жүкті болып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полиция 8-сынып оқушысының жүкті болу фактісін Лепсі орта мектебінде жүргізілген сауалнама барысында анықтаған.

«Сауалнама барысында жәбірленуші өзін 49 жастағы өгей әкесі зорлағанын түсіндірді. Дәл сол күні аталған факті Алакөл ауданы полициясының сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркеліп, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі (Зорлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.

Күдікті ретінде жауап алынған ер адам өгей қызын зорламағанын айтып, кінәсін мойындамаған.

«Кетіп қалмау жөнінде қолхат берген күдікті ферма шаруашылығы аумағында өзіне қол салды. Алакөл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қажетті сараптаманы тағайындай отырып, тергеуді жалғастырып жатыр», - деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бақылауында болады.