Олардың айтуынша, 24 жастағы офицерге қысым жасалған
Жамбыл облысындағы гвардиялық гарнизон әскери бөлімшесінде өз-өзіне қол жұмсаған офицердің туыстары "баламызға қысым жасалған" дейді. Марқұмның ата-анасы аға лейтенант шеніндегі ұлдарының біреудің қолынан қаза тапқанына сенімді, деп хабарлайды Астана арнасы.
Бауыр еті баласынан қапыда айырылып қалған ана ол өз-өзіне қол салды дегенге сенбейді. Марқұмның денесін алуға, істің мән-жайын білуге өзі бармақшы болған. Бірақ әскери бөлімшедегілер «келмеңіздер» деп тосқауыл қойған көрінеді.
«Не себепті келмеңіздер дейсіздер?» дегенімізде «соңғы хаты бар, сіздерге соны апарып береміз» деді. Бірақ ол хатты бізге әкелген де жоқ. Тіпті, киім-кешегін де әкелмеді. Әскерилер баламның денесін алып келген кезде шығарып салуға да жарамады», – дейді марқұмның анасы Анаргүл Демеубаева.
Генерал болуды армандаған аға лейтенант Жандос бар-жоғы 24 жасында бақилық болды. Әскери академияны бітірген соң 4 жыл Жамбыл облысындағы Отар әскери бөлімінде жемісті еңбек еткен. Жақында ғана шені көтерілген. Бауырын өзінің бес саусағындай білетін ағасы Елдос та аяқ астынан болған бұл жағдайға күдікпен қарайды.
«Шу шығарғаннан кейін ғана бізге хатты телефонмен жіберді. Хатта: "Мама, кешіріңізші. Командирлерімді подставить еткім келмейді" деп жазылған. Егер, ол командирлерін «подставить еткісі» келмесе неге жұмыс орнында атылды? Олимпта 8млн қарызы болған дейді. Оның ешқандай қарызы жоқ. Біз бәрін тексердік», – дейді марқұмның ағасы Елдос Омаров.
Марқұмның денесін әкелген кезде жеке заттары, онымен қоса ұялы телефоны да ата-анасына қайтарылмаған. "Жандос таңғы 5-те қайтыс болса, сол күні түнде оның әлеуметтік желідегі парақшасына біреу кірген. Бұл да көңілімізге күдік ұялатады" дейді туыстары.
Бірақ Қорғаныс министрлігі бұған қатысты тек ресми ақпарат беріп отыр.
«Ағымдағы жылдың 22 қарашасы күні Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімнің офицері өзіне қол жұмсады. Қайтыс болған жігіттің өлер алдында жазған хаты табылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне және туыстарының өтінішіне сай өзге ақпараттар жариялануға жатпайды», – дейді ҚР Қорғаныс министрлігі әскери полиция басқармасы басшысының орынбасары Бекен Шынтілеуов.
Қайғыдан қан жұтқан ата-ана баламыздың өзін өзі өлтіргеніне бәрібір сенбейміз дейді. Бұған дейін ол жұмысына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Олар жұмбақ өлімнің себебін құзырлы орындар анықтаса, тергеу жұмыстары әділ жүрсе дейді. Кінәлілердің түгел жазалануын талап етуде.