Алматыда шіріген ағаш құлап, су жаңа көліктің талқанын шығарды

Azattyq Rýhy

Көлік иесі қаладағы ағаш атаулыға жауапты мекемені сотқа бермек

inform.kz

Алматыда шіріген ағаш құлап, су жаңа көліктің тас-талқанын шығарды. Алып қарағаштың кесірінен қаланың қақ ортасындағы жолда қозғалыс бірнеше сағатқа тоқтаған, деп хабарлайды КТК арнасы.

 Ал бір ажалдан қалған көлік иесі қаладағы ағаш атаулыға жауапты мекемені сотқа бермекші.

Алайда әкімдік өкілдері зардап шегушіге өтемақы төленбейтінін ескертті. Жасыл экономика басқармасы өкілінің айтуынша, зардап шеккен көлік рұқсат етілмеген жерде тұрғаны үшін оның иесіне ешқандай өтемақы төленбейді. Тек арнайы автотұрақта тұрғанда ғана шығынды әкімдік көтереді екен.

Қалдаяқов көшесінің бойында тұрған ағаш тапа-тал түсте ешкім күтпеген жерден түбімен қопарылып түскен. Ақ ұлпаның салмағын көтере алмады дейтіндей қалада қар қалың түспеген. Келіншек жұмысқа келгенде көлігін күнде осы жол жиегіндегі тұраққа қойып жүріпті. Жап-жаңа «Киа» автокөлігі жапырылып қалған. Өзі кеңседе отырып аман қалды. Енді сол маңдағы тұрғындар өзге де тізіліп тұрған қураған ағаштардың құлап кетуінен қорқып отыр.

 «Тамыры шіріп құрғап кеткен, механикалық және антропогендік ықпал болмағандығы нақтыланды. Қазір ағашты ТЖ органдары мен мердігер ұйым өз күштерімен оқиға орнынан алып тастады. Құлаған ағаштың жанында өсіп тұрған жасыл желектердің жағдайын тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бас маманы Нұркен Ақмырза.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.