«Қазақстанда құлдықта ұстап отыр» деген ресейлікті анасы 20 жыл күткен
Анасы – 70 жаста, ал әкесі – 80 жаста
Надежда Алексеевна Котова – бірер күн бұрын «Қазақстанда 20 жыл құлдықта жүрмін» деп видео таратқан Алексей Котовтың анасы. Ол жылдар бойы баласы жайлы жақсы хабардан үміттенген, оның өліміне сенбепті. Бұл туралы Azattyq Rýhy РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баласының құлдықта ұстап отыр деген ақпараты отбасын қатты күйзеліске түсіріпті.
«Оның аман-сау екеніне іштей сенетінбіз. Егер өлтіріп кеткен болса, түптің түбінде біреу жеткізер еді, сондықтан тірі екенінен үміттендік. Тек жақсылықтан үміт күттік», - дейді Надежда Котова.
Алексей Котовтың анасы – 70 жаста, ал әкесі – 80 жаста. Надежда Котова баласын күштеп ұстап отыр деген мәлімет денсаулығына қатты әсер еткенін айтты.
«Денсаулығыма бірден әсер етті. Бастапқыда тірі екеніне қуанған болсақ, артынан...», - деді 70 жастағы әжей сөзін аяқтай алмай.
Надежда Алексеевна баласы жайлы өткенін еске алып, еңбекқор болғанын айрықша айтып өтті.
«Өте еңбекқор болатын. Мектепте оқып жүргенінде мал бағатын, өзге балаларым сияқты бос отырғанын ешқашан көрген емеспін. Сегіз балам болатын, оның екеуі қайтыс болды», - дейді ол.
Ол отбасымен бірге жырақтап кеткен ұлы Алексейді асыға күтіп отырғанын айтты. Ал баласы қашан келетіні әзірге белгісіз.
Айта кетейік, бірер күн бұрын әлеуметтік желілерге Ресей азаматы Қазақстанда Қарағанда облысында 20 жыл күштеп, құлдықта ұстап отыр деген видео таратқан болатын.
Осыған қатысты қылмыстық іс тіркеліп, оқиға орнына полицейлер мен елшілік қызметкерлері жетеді. Котовтан жауап алу барысында ол шаруа қожалығының аумағында өз еркімен жұмыс істеп жүргені, қолында ұялы телефонының болғаны және кез келген уақытта шаруа қожалығының аумағынан кетіп қалуға мүмкіндігінің болғаны туралы мәлімдеді.