Ақмола облысында 17 ірі қара малды атып алып, елорда базарларында сатқан күдіктілер ұсталды
Күдіктілер 29-42 жас аралығындағы жергілікті тұрғындар
Ақмола облысында барымташылар 17 ірі қара малды қарумен атып алып, етті Нұр-Сұлтан қаласының базарларында сатқан. Бұл туралы Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылғы 16 қарашада «Барымташы» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы мен Жедел әрекет етудің арнайы жасағы, сондай-ақ Атбасар аудандық ПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті кәсіпкердің ірі қара малын ұрлаған үш күдіктіні қолға түсірді. Күдіктілер 29-42 жас аралығындағы жергілікті тұрғындар, олардың біреуі бұрын қылмыстық жауапқа тартылған.
«Жәбірленуші 25 қазанда Атбасар ауданының ПБ кезекшілік бөліміне арызбен жүгінген. Ер адамның сөзінше, 22 қазанда малшы оған малдың жоғалғанын айтқан. Жоғалған малын өз күшімен іздеген ол 17 бас ірі қараны далада сойып әкеткенін анықтады. Келтірілген шығын көлемі 8 миллион 500 мың теңгені құрады», - деді ведомстводан.
Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 4-бөлігі «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«Күдіктілер ТОЗ-8 маркалы ұсақ калибрлі винтовкамен 17 бас ірі қараны атып алған. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы ұрылардың ұрлаған мал етін елорда базарларына тасымалдаған көлік анықталды», - деді ведомстводан.