3 науқас санавиация арқылы Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді
27 желтоқсан күні Алматы маңында болған Bek Air әуекомпаниясына тиесілі ұшақ апатынан зардап шеккен 3 науқас санавиация арқылы Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Қазір олар елордадағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында ем алып жатыр.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметі бойынша, бүгінде Алматы қаласының стационарларында ем алып жатқан 27 адам бар, оның ішінде 7-і бала. Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінде 1 адам жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, ұшақ апатынан зардап шеккендердің жай-күйі тұрақты, бір қалыпты жақсаруы байқалады.
«Тоғыз баланың екеуіне шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматологтары жоғары технологиялық заманауи емдеу әдістерін қолдана отырып, кесусіз операция жасады. Жуық арада тағы бірнеше бала ауруханадан шығады», - деді балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының бас дәрігері Абай Құсайынов.
Ауруханада жатқан 7 баланың 4-уі бір үйдің балалары. Операциядан шыққан олардың анасына күйеуінің қайтыс болғаны туралы хабар айтылғанмен, балалары әкелері жайлы қаралы хабардан әлі күнге дейін бейхабар. Сондай-ақ, апаттан тірі қалған екінші ұшқыш та есін жинаған.
«Екінші ұшқыш жансақтау бөлімінен шықты. Есін біледі. Сұрақтарға толыққанды жауап береді. Клиникада жатқан өзге де науқастардың жағдайының жақсаруы байқалады», - дейді № 4 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Айман Байзолданова.
27 желтоқсанда апатқа ұшыраған ұшақ бортында 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, 69 адам әртүрлі деңгейде зардап шекті. 51 адам ауруханаға жатқызылды, соның 9-ы балалар. Бүгінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының медициналық мекемелерінде ұшақ апатынан зардап шеккен 30 адам ем қабылдап жатыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы