Таразда полицейлер көпірден секірмек болған жас қызды құтқарып қалды
Ол күйзелісте болғандықтан осындай қадамға бармақ болыпты
Тараз қаласындағы көпірлердің бірінен секіріп, өзіне өзі қол жұмсамақ болған жас қызды полицейлер аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тараз қаласы Полиция басқармасының патрульдік полициясына 2021 жылдың 15 қарашасында шамамен 03:00-де жедел басқару орталығынан көпір үстінде әйел адамның секіруге дайындалып тұрғаны жайлы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жақын жерде жүрген патрульдік полиция қызметкерлері көпір үстіне тез арада жетіп, жас қызбен тілдесіп, райынан қайтарып, құтқарып алды», - делінген ведомство хабарламасында.
Полиция батальонының капитаны Айдын Абдрахманов пен полиция аға лейтенанты Рауан Мирибилдаев 22 жастағы қала тұрғынын қалалық Полиция басқармасына жеткізді. Суицид жасамақ болған тұрғын өзінің күйзелісте болғанын, салдарынан осындай қадамға бел буғандығы жайлы айтқан. Жас қызбен профилактикалық жұмыс жүргізілді, қазіргі таңда психологтардың көмегіне жіберілді.