ШұғылCOVID-19: Бір тәулікте 720 адамнан коронавирус анықталды

«Тентек әкім» қызметінен уақытша шеттетілді – әкімдік қате ақпарат таратқанын мәлімдеді

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі мейрамханада төбелес шығарған әкімдік қызметкерлеріне қатысты қате ақпарат таратқанын айтты

Бүгін сайтымызда «Мейрамханада төбелес шығарған Алматы облысының шенеуніктері жұмыстан қуылды» деген тақырыппен ақпарат жарияланды. Онда аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысы қызметінен арнайы баппен шығарылғаны жайлы айтылған еді.

2019 жылдың 25 желтоқсанында Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Әбдібаев мейрамханалардың бірінде Сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы К. Үсенбаевпен бірге Мәдениет үйінің қызметкерін жабылып соққыға жыққан. Осыған байланысты Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы «Азаттық рухы» тілшісіне ресми ақпарат беріп, төбелес шығарған шенеуніктердің қызметінен арнайы баппен шығарылғанын мәлімдеді. Алайда, әкімдік өкілінің берген ақпараты қате болып шықты. Бөлім маманы өзі қызмет ететін мекеме басшысының бұйрығымен жұмыстан босатылса, аудан әкімінің орынбасары Алмас Әбдібаев тергеу амалдары аяқталғанша қызметінен уақытша шеттетілген.  

«Мен шатасыппын. Сұрастырып едім, бәрі арнайы баппен жұмыстан кетті деді. Олай емес екен, мен қателесіппін. Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы «Белые розы» мейрамханасында болған төбелеске қатысты тергеп-тексеру амалдары аяқталғанша аудан әкімінің орынбасары Алмас Әбдібаев уақытша лауазымынан шеттетілді. Ал, төбелеске қатысқан аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Қ. Үсенбаев өзі жұмыс істейтін мекеменің бұйрығымен жұмыстан босатылды», - деді бұған дейін қате ақпарат бергенін айтқан Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы