Мейрамханада төбелес шығарған Алматы облысының шенеуніктері жұмыстан қуылды – әкімдік

Автор: Azattyq Rýhy

Лауазымды қызметте небәрі 1,5 ай ғана жұмыс істеген аудан әкімінің орынбасары жұмыстан арнайы баппен шығарылған

Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Әбдібаев жаңажылдық банкетте Сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы К.Үсенбаевпен бірге Мәдениет үйінің қызметкерін жабылып соққыға жыққан. Мейрамханада бұзақылық жасаған әкімдіктегі қос қызметкердің ісі алдағы уақытта сотта қаралмақ.

Әлеуметтік желіге тарап кеткен видеода банкеттегі бір топ адамның бір-біріне орындық лақтырып, төбелесіп жатқанын анық көруге болады. Бұл оқиғаның 25 желтоқсанда, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылындағы «Белые розы» мейрамханасында болғаны анықталды. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, лауазымды шенеунік әкімнің «Мемлекеттік қызметкерлер арасында Жаңа жылды ұжыммен тойлауға болмайды» деген арнайы қаулысын бұзған.

«Төбелес үш адамның арасында болған. Түнгі сағат 00:30 шамасында аудан әкімінің орынбасары Алмас Әбдібаев «Мирас» сауда орталығындағы «Белые розы» мейрамханасына барған. Ол жерде басқа мекеменің отырысы өтіп жатқан. Банкетте жігіттер сөзге келіп, төбелес басталған.  Сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы К.Үсенбаев пен аудан әкімінің орынбасары А.Әбдібаев екеуі аудандық мәдениет үйінің қызметкері И.Бейсебевты соққыға жыққан.

Архитектура бөлімі мен аудан әкімінің орынбасары жұмыстан босатылды. Олар  қызметінен арнайы баппен шығарылды. Бірін бірі бұрыннан таниды. Оқиғадан соң арнайы жиналыс болып, облысқа түсініктеме бердік», - деді Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы.

Оның сөзінше, төбелестің басты «қаһарманы» Алмас Әбдібаев мейрамханаға келтірілген материалдық шығынды төлеп берген. Ол бір жарым ай бұрын ғана лауазымды қызметке тағайындалған екен. Қызуқанды шенеунік жұмыстан босатылса да, аудан әкімдігінің ресми сайтындағы қызметкерлердің тізімінде әлі тұр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы