Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Семей тұрғыны ашу үстінде бөтен көлікті өртеп жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
30 қазанда Семей қалалық полиция басқармасының «102» жедел арнасына қаланың 18 жастағы тұрғыны хабарласып, түнгі уақытта белгісіз біреу үйінің жанында тұрған оның «Nissan» автокөлігін өртеп жібергенін айтқан. Келтірілген залал 1 150 000 теңгені құрады.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері 35 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
«Тергеу амалдары барысында қаскөй жәбірленушінің әкесімен бірге үйде ішімдік ішкені анықталды. Ішімдік ішу кезінде олардың арасында жанжал орын алған, ол жанжалдан әкесін қорғап 18 жастағы жәбірленуші араласып, қонақты бір рет ұрған. Сол соққының салдарынан 35 жастағы ер адам ашуланып, көшеге шығып, темекі шегіп, оның тұқылын жәбірленушіге тиесілі «Nissan Presea» автокөлігінің салонына лақтырып жіберген. Содан соң ашулы қалпында қоршаудан шыққан соң сол жерде тұрған «ВАЗ-2199» және «Nissan Presea» маркалы тағы екі көліктің терезесін сындырып кеткен. Содан кейін мас күйінде өзінің автокөліне отырып, үйіне бара жатқанда оны патрульдік наряд тоқтатып, полиция бөліміне жеткізді», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабының 1-бөлігі (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның санкциясында екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.