Алматы облысында жол-көлік апатынан бір адам қаза тапты
Зардап шеккен 5 адам аудандық орталық ауруханаға жеткізілді
Алматы облысында екі жеңіл көлік бетпе-бет соқтығысып, соның салдарынан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік апаты Алматы – Қорғас бағытындағы тасжолдың 329 шақырымында болған.
«Панфилов ауданындағы полиция бөлімшесіне жол апаты туралы хабарлама келіп түсті. Белгілі болғандай, «Ауди-100» маркалы көлігі батыс бағытта жүріп келе жатып басқаларды басып озбақ болып қарсы бағытқа шығып кетеді. Алайда «Ауди Авант» автокөлгімен бетпе-бет соқтығысқан», - делінген ПД хабарламасында.
Апат салдарынан «Ауди Авант» көлігінің 87 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Зардап шеккен 5 адам аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.
Аталған дерек бойынша ҚК-тің 345 бабы 3 бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Құқық бұзушы дәрігерлердің рұқсатымен уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Тергеу жұмыстары қатаң бақылауға алынды», – деді подполковник Жандос Кавлиев.
Күдікті өз кінәсін толығымен мойындады. Ол жәбірленушілердің жақындарынан кешірім сұрады.