Түркістан облысында жас жігіт күзет қызметіндегілердің тепкісінен өліп кетті

Автор: Azattyq Rýhy

27 жастағы Еламан жақында келін әкелем деп үйін қуантып та қойыпты, бірақ ол күнге жете алмады

Түркістан облысында арыстай ұлы кісі қолынан ажал құшқан отбасы әділдік іздейді. Сайрам ауданы Ақбастау ауылының тұрғындары кінәлілерді түгел қамауды сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Тұрғындардың айтуынша, 15 бала 4 адамға жабылып, түрлі дене жарақатын салған. Бірақ біреуі ғана күдікті деп танылған. "Оның өзі бостандықта жүр" деп ашынады қаралы отбасы. Іс бұрмаланып жатқанына сенімдіміз дегендердің білуінше, төбелес болған моншаның өзі дөкейлердікі көрінеді. Кінәлілердің барлығы жазалансын деген қаралы отбасы, бұл іске ел Президенті назар аударуын қалайды.

27 жастағы Еламан жақында келін әкелем деп үйін қуантып та қойыпты. Бірақ ол күнге жете алмады. 2 қараша күні «Жалақы алдым, моншаға түсіп, шаш қидырып келеміз» деп сыныптастарымен кеткен. Содан оралмапты. Ауруханада екі күн жатып, ес жимай кетті дейді өзегі өртенген анасы.  Айтуынша, тепкіден бас сүйегі қақ айрылып, миы езілген. Ал ерегіс болмашы сөзден шыққан.

«Баға туралы сәл келіспей қалған. Сосын бұлардың кіреміз деп тұрған орнына басқа біреуді кіргізіп жіберген, балалар соған ашуланған. Онда да өздері боқтап бастаған, сосын бұлар да сәл ерегіскен. Ерегістен бұларды сыртқа алып шығып, қақпаны жауып қойып ұрған ғой», - деп күйінеді марқұмның анасы Шолпан Маликова.

Төрт жігітке әуелі күзет қызметіндегі алты адам жабылған. артынша олардың саны 15-тен асыпты. Таяқ жеген куәгерлер «сырттан жігіттер келді» депті. Бір адам қамалғанымен, оның өзі қазір үйқамақта деседі.

Қаралы отбасы егер сол жерде жедел жәрдем қызметі кездейсоқ келіп қалмағанда, марқұм Еламанның сүйегін де таппай қалар ма едік деп отыр. Өйткені кездейсоқ тоқтаған дәрігерлердің өзіне саунадағылар айбат көрсеткен.

«Кездейсоқ өтіп бара жатып көріп қалады да тоқтайды. Баланы аламыз дейді. «Сокол» деген күзет агенттігінің жігіттер дәрігерге пышақ кезенеді. Сөйтеді да «Оны алып кетпейсің, қазір біз оны тірілтіп аламыз өз-өзіне есін жидырып аламыз» дейді да шелекпен үстіне су құяды. Жедел жәрдемдегі фельдшерлердің ініме жаны ашығандықтан «Болды, біз ешкімге айтпаймыз» деп жалынып-жалбарынып жүріп , оны машинаға мінгізіп алады», - дейді марқұмның ағасы Нұркен Маликов.

Алайда күзет агенттігінің кеңсесі деп айтылған жерден ешкімді таппадық. Сол маңдағылардың айтуынша жақында көшіп кетіпті. Бұл іске қатысты полицияның жауабы қысқа болды.

«2021 жылы Сайрам ауданы ауылдарының бірінде орналасқан демалыс комплексіне орын алған жайтқа байланысты, Сайрам АПБ-де ҚР ҚК-нің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша тіркеуге алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.  Сайрам аудандық сотының қаулысымен күдікті «үйқамаққа» алынған. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады», - деді Түркістан облыстық полиция департаменті.

Қара жамылған отбасы төбелеске қатысқандардың бәрін қамауды талап етіп отыр. Қақ-соқпен ісі жоқ момын баланың қапыда қаза табуы бүкіл ақбастаулықтардың ашуын көтерсе керек. Әділ шешім қабылданбаса кемі мың адам бейбіт шеруге шығамыз деп белді