Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ
Ақтаудағы 29А шағынауданда қос қабатты дәмханада жарылыс болып, ғимарат жермен-жексен болды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаменті зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы ақпараттың әлі жоқ екенін мәлімдеген. Жарылыстың нақты себебі де әлі белгісіз. Оқиға «Аянат» дәмханасында болған.
Жергілікті тұрғындардың мәлімдеуінше, жарылыс 7 қарашада кешкі сағат 21:25 шамасында тіркелген (Нұр-Сұлтан уақытымен 22:25).
«Сағат 22:25 Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші бөліміне Ақтау қаласындағы 29 «а» шағынауданында белгісіз жағдайда жарылыс болғаны туралы хабар түсті. Жарылыстан ғимарат түгелдей қираған. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Жарылыстың себебі мен ғимараттың көлемі анықталып жатыр. Оқиға орнына 20 адам және 5 техника жіберілді», - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлдана Қожабекова.