Алматыда жоғалған жасөспірім ауруханадан табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Баланың ауруханада екенін медициналық мекеме қызметкерлері хабарлап айтқан

Алматыда 2 қаңтар күні үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған жасөспірім ауруханадан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бірнеше жыл бұрын жол-көлік апатына түсіп, ғайыптан аман қалған баланың кеше үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы жазған болатынбыз.   

Жасөспірімнің анасының Алматыдағы Қоғамдық қауіпсіздік кеңесінің бастамашылар тобының мүшесі Ислам Угушевке хабарласып, көмек сұрағаны туралы  Facebook желісінде жарияланған еді.

Баланың бір тәуліктен кейін Алматы қаласы шұғыл жедел көмек көрсету ауруханасынан табылғаны туралы Ислам Угушев тағы да өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, медициналық мекеме қызметкерлері жоғалған жасөспірім туралы хабарламаны оқыған соң, оның ауруханада жатқанын айтып, хабарласқан.   

«Хабарландыруды өте көп пайдаланушы бөліскен кезде тиісті нәтиже ала алатынымызға тағы бір мәрте көз жеткіздік. Баланы іздестіру жұмыстарынан тыс қалмаған жандардың бәріне шексіз алғысымызды білдіреміз», – деп жазады Ислам Угушев.

Еске салсақ, 15 жастағы Валерий Гойколов 2 қаңтар күні таңертең үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған болатын. Ол телефонын үйінде қалдырып кеткен. Бұрын жол-көлік апатынан аман қалған баланың достары да аз болған екен.

Ал қазір Ақтөбедегі 11-сынып оқушысы Анатолий Лебедевті іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Оқушы 1 қаңтар күні таңға жуық Алға ауданының Қарақұдық ауылынан шығып кетіп, қайтып оралмаған.

2002 жылы туған Анатолий Лебедевті  іздеу жұмыстарына қазіргі сәтте кинологтар, Ақтөбеден және көршілес аудандардан келген қосымша полиция күші, сонымен қатар, құтқарушылар, жергілікті тұрғындар мен әкімдік қызметкерлері жұмылдырылған.