Осы қылмысқа басқа да адамдардың қатыстылығы анықталып жатыр
Алматыда қарағандылық ұры сканердің көмегімен бөтен адамның көлігінен 20 миллион теңге ұрлап кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жолы бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотталған Қарағанды облысының 51 жастағы тұрғыны көзге түсті.
«Бұл қылмыс 28 қазан күні сағат 10:30-да болды. Т.есімді азамат Гоголь мен Төлебаев көшелерінің қиылысында тұрған Mercedes көлігінің салонына кіріп, 20 миллион теңге ақша ұрлаған. Күдікті Қарағанды облысында ұсталды. Ер адам ұрланған ақшаның бір бөлігін жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды. Қалғаны тәркіленіп, ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша Медеу аудандық ПБ тергеп жатқан қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді», – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Спикердің айтуынша, күдікті дабылды сканерлеу арқылы бөтен адамның көлігін ашқан. Осы қылмысқа басқа да адамдардың қатыстылығы анықталуда.