«Ұрып-соғып, құлағын тескен»: әскерден келген адам жақындарын танымайтын күйге түсті
Казармада не болғаны белгісіз, Ренаттың да жағдайды түсіндіруге шамасы жоқ
Қызылорда облысының Арал ауданының тұрғыны әскерге кеткен баласының ақылынан алжасып келгенін айтып жанұшырды. Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен 19 жастағы жігіт қазір жақындарын мүлдем танымайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Тараз24-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Есінен адасқан сарбаз қойылған сұрақтарға жауап бере алмайтын халге жеткен. Тіпті өз әкесіне де қол көтеріп жүр. Ашынған ата-ана мұның бәріне әскери қызметкерлер кінәлі дейді.
Әскерден оралғанына 3 күн болған Ренат Жеткергеновтің қазіргі жағдайы осы. Отбасынан тыныштық кеткен. Күндіз-түні айқайлап, жақындарының мазасын алады. Үйде тұрған заттарды жан-жаққа лақтырып, қиратып жатқан көрінеді. Тыныштандыруға тырысқан әкесі де баласынан бірнеше рет таяқ жеген.
«Cіздерден сұрайтыным, сержанттарын менің алдыма алып келіңіздер. Сап-сау баланы ауру қылып, мынадай қылып әкеп тастағаны үшін жауап берсін. Офицер Әлімжан Мәліков, Көпжан деген сержанттарды менің алдыма әкелулеріңізді сұраймын», – деп ашынды сарбаздың анасы Айғаным Ізбасарова.
Ағасына үйге келгенде әскери шенділердің қалай қорлағанын айтқан. Қайтарынан 8 күн бұрын 4 қызметкер ұрып-соғып, құлағын тесіп әбден қинапты.
Қорғаныс министрлігінің өкілі мұның барлығын жоққа шығарып әлек. Олар Ренаттың әскер қатарына қабылданғанда денсаулығы жақсы болғанын, әскерде де оған ешкім тиіспегенін айтты.
«Тәжірибелі командирлер, тәрбиешілер мен сержанттар сарбазға әскери қызметті өткеру уақытында қолдау көрсеткен. Сонымен бірге, қатардағы жауынгер Ренат Жеткергенов қызмет өткерген кезінде денсаулығына және басқа да шағым жасамаған», – дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің офицері, майор Ғани Нүсіпов.
Әскерде бірге болған жауынгерлік досы әскери бөлімде әлімжеттік жоқ деп отыр.
«Қайтуына 2-3 күн уақыт қалғанда Ренат өзін жаман жағынан көрсете бастады. Мінез-құлқы өзгеріп, бізді шошытты», – дейді жауынгер досы Әлихан Нүсіпбек.
Казармада не болғаны белгісіз. Ренаттың да жағдайды түсіндіруге шамасы жоқ. Десе де, сарбаздың ет жақындары айыптыларды тауып, әділ жаза беруді талап етпекші.