Ол 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Өскеменде есірткі саудасына қатысы бар, халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл 27 қазанда «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде үйлерді аралау барысында полиция аға лейтенанттары – Еркебұлан Ордабаев пен Айбек Сиязбековке облыс орталығының 50 жастағы тұрғыны көмек сұрап жүгінген. Белгілі болғандай, оның танысы ішімдік ішу кезінде дене жарақатын салып, белгісіз бағытқа қашып кеткен.
«Аталған факті бойынша тәртіп сақшылары дереу тексеру жүргізіп, ер адамды қолға түсірді. Тексеру кезінде ер адам 2021 жылдың маусым айынан бастап есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және тасымалдағаны үшін халықаралық іздеуде болғаны анықталды», - деп атап өтті Өскемен қаласының полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Орал Рыспаев.
Ол – 1981 жылы туған азамат, қазіргі уақытта оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның санкциясы 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.